Елордалық «Астана Опера» театрының Мәскеудегі гастрольдік сапары аяқталды. Қазақстандық әртістер «Музыканы көру» VIII музыкалық театрлар фестивалінде өнер көрсетіп көрермендерді тәнті етті. Өнердің майын ішіп, жілігін шаққан мәскеулік көрерменге елордалық әртістер Джоаккино Россинидің аты аңызға айналған «Жібек Саты» операсын ұсынды. Комедиялық қойылымға танымал әртістермен қатар, «Астана Опера» халықаралық Академиясының түлектері да қатысты. Спектакль премьерасы алғаш 2019 жылы қойылған. Сол кезден бері дәл осы опера театрдың негізгі қойылымдарының біріне айналды. Сондықтан, бұл операны театр Қазақстан қалалары мен алыс-жақын шет елдерде паш етіп келеді.
Абзал Мухитдин, «Астана Опера» театрының дирижёрі:
- Россинидің жазған «Жібек саты» шығармасы бойынша қойылған спектакль Астана Опера құрамындағы Piccolo театрының жобасы. Оның мақсаты – көрерменмен тікелей әрі жақын байланыс орнату, көрерменмен тілдесу. Сондықтан, Галина Вишневская театрының қойылымы да біздің спектакльге ұқсас. Ол да көрерменді баулап алады.
Евгений Чайников, «Астана Опера» театрының жетекші солисті:
- Спектакль несімен қызық десеңіз, бұл қоюға өте ыңғайлы, жеңіл деуге де болады. Режиссерлік көзқарас бойынша да, костюмдер бойынша да олай деуге толық негіз бар. Біріншіден, декорация көлемі өте аз. Ол өз кезегінде тасымалдауға ыңғайлы. Одан кейін, қойылымға қатысатын әртістер саны да көп емес.