Іле-Балқаш қорығынан 14,5 тонна сексеуіл тұқымы Қызылорда облысына жөнелтіледі. Оларды жинау үшін Алматы облысындағы ұлттық парк пен қорықтарының мамандары жұмылдырылды. Жұмыстар шамамен бір айға созылды. Тұқым Арал теңізінің тартылып кеткен түбіне егіледі. Бұл топырақты нығайту және Орталық Азия аймағына жайылған «тұзды дауылдар» санын азайту үшін қажет. Сексеуіл ауқымды аумаққа отырғызылатындықтан, отандық ғалымдар авиацияны пайдалануды ұсынды. Тұқымдар теңізге арнайы техникамен жабдықталған ұшақтардан шашылады. Сексеуіл егу «Қазәуеорманқорғау» мекемесіне тапсырылыпты. Жобаға арнап Ан-2 типті 4 ұшақты пайдалану жоспарлануда. Аэросебу биыл желтоқсан айының басында басталуы тиіс.
Ғани Тұрықбаев, республикалық Орман селекциялық тұқым өсіру орталығы оңтүстік-шығыс аймақ өкілі:
- Орман алқабын анықтау барысында орманнан тұқым жиналатын учаскені анықтағаннан кейін ол учаскеден үлгі алынып, арнайы зертханаға тексеруге жіберіледі. Зертхананың берілген сынып-сапасына сәйкес, бірінші, екінші, үшінші класс немесе себуге болмайды деген анықтама беріледі.
Леонид Сидоренко, Алматы облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Сексеуіл тұқымын жинау өте қиын. Арнайы жасалған құрылғы ілулі тұрғанын көрдіңіз. Сексеуіл бүгіліп, ұрылады. Тұқымдарды тазарту – өте күрделі процесс.
Айта кетейік, сексеуіл егу жұмыстары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған ел аумағына жасыл желек егу бойынша ауқымды бағдарлама аясында жүргізілуде. Жоспар бойынша, төрт жыл ішінде Қазақстанда 2 млрд ағаш отырғызылмақ.