Қазақстандық ғалымдар тазы тұқымының гендік қорын зерттеуге кірісті. 2 жылдан бері мамандар ел аймақтарын аралап, жануардың ДНҚ-сын жинау жұмыстарын жүргізуде. Зерттеушілердің айтуынша, бұл халықаралық кинология қауымдастығына тазыларды бөлек тұқым ретінде тануға мүмкіндік береді. Қазір олар Шығыс тазыларына жатады.
Марк Брюшко, корреспондент:
– Зерттеу жұмыстары тиімді болуы үшін ғалымдар кем дегенде 300 иттің генетикалық материалын жинауға тиіс. Әзірге жұмыс жартылай ғана орындалды. Алайда, жалғасып жатыр. Ең алдымен, ғалымдар осы ит популяциясының өміршеңдігін бағалап, инбридинг коэффициентін есептеуге тиіс. Яғни, тазылардың генетикалық тазалығын анықтау керек.
Кира Беспалова, ҚР БҒМ ҒК генетика және физиология институтының ғылыми қызметкері:
– Зерттеуге қатысқан әр итке генетикалық төлқұжат – сертификат беріледі. Міне, осындай болады. Бұл құжат нені білдіреді? Кез-келген тіршілік иесінің ДНҚ-сында ақуызы кодталмайтын учаскелері болады, оны тандемді қайталау деп атайды. Ол бірегей болады және тұқым қуалайды. Сондықтан біз иттердің бір-бірімен қаншалықты байланысы барын оңай анықтай аламыз.
Осы ретте тағы бір мәселе туындайды. Қазақтсанда тазының нақты саны туралы әлі күнге дейін ресми дерек жоқ. Иттерді тіркеу ерікті деңгейде жүргізіледі. Көбінесе бұл тұқымды қала сыртында жеке үйлерде тұратын адамдар өсіреді.
Инна Назаренко, «Қансонар» Республикалық қоғамдық бірлестіктер қауымдастығының бас кинологы:
– Көптеген азаматтар қазір мен ресми тіркеуге тұрсам, кейін менен ақша алады деп ойлайды. Қазақстан бойынша жүргізетін есебіміз нақты емес. Бейресми. Қазір мысалы шамамен 3000 ит тіркеуде бар. Бірақ, негізі иттер көбіне жоғалып, қашып кетіп, не көлік астына түсіп қалып жатады.
Сондай-ақ, ғалымдар қазақы тазыны Шығыс тазылары тобындағы өзге иттермен салыстыру жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, қазір ирандық әріптестермен олардың салюкилерінің ДНҚ-сын алу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Жоба 2023 жылға дейін жоспарланған және нәтижесі жемісті боларына сенім мол. Себебі қазақ тазысы тұқымы туралы көпшілікке белгісіз құнды мәліметтер ашылады деген болжам бар.