5 маусымда өткен Республикалық референдумның материалдары алғаш рет жүйеленген түрде көпшілік назарына таныстырылды. Тың материалдармен «Назарбаев орталығында» қанат жайған көрмеден танысуға болады. «Ата заң – мемлекеттіліктің арқауы» экспозициясы Конституция күніне арнайы ұйымдастырылып отыр.
Келушілер назарына дала демократиясының алғашқы құқықтық заңдары туралы материалдар ұсынылды. Оның ішінде «Қасым ханның қасқа жолынан» бастап Абай Құнанбайұлының «Қарамола ережесіне дейін, яғни қазақ қоғамындағы маңызды заңдар туралы мәліметтер бар. Егемендік алғаннан кейінгі кезеңді бейнелейтін мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер де экспозициядан өз орнын тапты.
Күләйша Ақтаева, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары:
– Бұл жерде бірінші кезеңнен бастап, «Ұлы даланың ұлағатты заңдары» туралы баяндайтын экспозиция. Оны жалғастыратын тәуелсіздік кезінде 1993 жылдан бері бастап 1995 жылғы ата заң туралы өзгерістер енгізілген туралы баяндайтын экспозиция. Ал, енді соңғы бөлімінде 2022 жылы болған референдум туралы баяндайтын толыққанды сондай құжаттарды көрсетіп отырмыз. Енді бұл ерекше оқиға деп айтқым келеді. Өйткені орталық комиссияның қолдауымен біз осы құжаттарды алғаш рет көпшілікке жариялап отырмыз.