Қазақстан астанасы Орта державалардың әлеуеті жайлы талқылауларды жаһандық деңгейге шығаратын бірегей алаңға айналады. Елордада осы аптада алғашқы Astana Think Tank Forum, яғни сыртқы саясат жиыны өтеді. Форум орта державалардың жаһандық біріктіруші ретіндегі рөліне назар аударуға арналады. Оның тақырыбы «Өзгермелі әлемдік тәртіптегі орта державалар: қауіпсіздік пен тұрақтылық және орнықты дамуды нығайту». Шараға жетекші сыртқы саяси талдау орталықтарының басшылары, зерттеушілер, кеңесшілер, дипломаттар шақырылды. Жалпы орта державалардың стратегиялық және дипломатиялық рөлін талқылау үшін 20 -дан астам мемлекеттің сарапшылары бас қосады деп күтілуде. Бағдарлама бес тақырыпты қамтиды: сыртқы саясат, экономикалық ықпал, қауіпсіздік динамикасы, көпжақтылық және жаһандық институттар, сондай-ақ жаңа сын-қатерлер. Форум аясында тараптар бірқатар құжатқа қол қоймақ.
Айдар Құрмашев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы:
- Мысалы Қазақстанның стратегиялық зерттеу институты Индонезияның сыртқы саяси орталығымен меморандумға қол қоятын болады. Бұл байланыстың аясында біз Индонезиядан елімізге қандай қызығушылықтар бар, туристік және одан да басқа сауда байланыстарын ілгерілету бойынша қандай мүмкіндіктері бар екенін біле аламыз. Соның нәтижесінде мемлекет басшылығына белгілі бір сараптамалық жазбалар жіберілетін болады.
Авторы Жеңіс Ермұқанов