Корей халқының дәстүрлі музыкасы,
қолөнері, өнері мен мәдени мұрасы Астана төрінде. «K-Maestro» көрмесі Қазақстан
мен Таңғы шық елі арасындағы өзара мәдени алмасу жылы аясында ұйымдастырылды.
Шараға дипломаттар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар қоғам қайраткерлері мен
еліміздің жастары қатысты. Әсіресе экспозицияда өскелең ұрпақ үшін «Мэдып» тоқу
қолөнерінің қыр-сырын тамашалай алатын бірегей шоу ұсынылды. Сонымен қатар көрменің
ашылу салтанатында қонақтар қазақтың дәстүрлі аспабы жетігенде ойнаған қазақ
әрістері мен корей ұлттық әні «Ариранды» орындаған корей әртістерінің бірлескен
өнерін тамашалады.
Ку Бон Чхоль, Корея Республикасы
елшілігіндегі корей мәдени орталығының директоры:
-Біз қазақстандық қонақтарға
көнеден келе жатқан дәстүрлі өнерлерімізді паш еттік. Мәселен, барабан сүйемелдеуімен
айтылатын «пхансори» мен «ариран» өлеңдері біздің басты әдеби мұраларымыз деуге
болады. Қазақстандық жастардың заманауи корея музыкалары мен сериалдарын көріп,
тыңдай отыра Кореяға қызығушылықтары артқанын білеміз. Сондықтан бүгін
жастардың қарасы көп болды.