Сирия экономикасын жандандырып, халқының әл-ауқатын арттыру бүкіл аймақтағы ахуалдың тұрақтануы және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты кепілі болады. Елордада Сириядағы дағдарысты шешу қамында өтіп жатқан Астана процесінің кезекті раундында аталған мәселелерге басымдық берілуде. Бұған қоса 17-ші халықаралық жиынның күн тәртібінде тұтқындарды алмасу, босқындарды қолдау сынды бірқатар күрмеулі мәселенің түйінін тарқату белгіленген. Қатысушыларды ел аумағын ошақ еткен ланкестік топтардың белсенділігі де алаңдатпай қоймайды. Ресей президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьевтің пікірінше, террористік ұйымдар етек жаймас үшін әлем қауымдастығы бүгіннен бастап жұмылғаны абзал. «Бұл орайда мәселеге бейжай қарамайтын тараптардың басын қосып жүрген дәстүрлі халықаралық келіссөздердің маңызы айрықша», – дейді ол.
Александр Лаврентьев, РФ Президентінің арнайы өкілі:
- Қаңтар айында Астана процесінің іске қосылғанына тура 5 жыл толады. Бұл келіссөздер әлемдегі жағдайды жақсартып, саяси үрдістердің ілгерілеуіне үлес қосуын әлі де сақтап, мақсатын лайықты атқарып келеді. Біз Нұр-Сұлтан қаласында Түркия, Иран, оған көршілес елдер, Иордания, Ливан делегаттары өкілдерімен ең алдымен Сирияны тұрақтандыру жолында алға басу үшін қажетті түйткілді мәселелерді бірлесіп талқылайтын боламыз.
Айман Сусан, Сирияның сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Астана процесі аясындағы келіссөздер барысында үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Алайда Эрдоған режимі Ресей тарапы алдына қойған міндеттерді орындаған жағдайда нәтижелер әлдеқайда жоғары болар еді деп ойлаймын. Осы орайда Қазақстан Үкіметіне бізді қабылдап, келіссөздер жүргізуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіремін!
Авторы: Жеңіс Ермұқанов