Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі штаб-пәтері өз
жұмысын бастады. Қазақстан Президенті Халықаралық ұйымның негізгі кеңсесінің ашылу
рәсіміне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ұйымның бас хатшысы Қайрат Сарыбай жаңа
ғимараттағы ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашты. Содан кейін Құрмет
қарауылы ротасы бірегей құрылымның туын көтерді. Мемлекет басшысы ондағы жұмыс
кабинеттерін, open space аумағын, аудармашылар кеңсесін, төрағалық залын және
музей-кітапхана бөлмелерін аралап көрді. Президент Астанада Азиядағы өзара
іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес штаб-пәтерінің ашылуын шын мәнінде
елеулі тарихи уақиға ретінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім
шаралары жөніндегі кеңесті құру бастамасын көтерді. Бұл халықаралық қоғамдастық
тарапынан тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жолында өңір елдерінің
күш-жігерін біріктіру үшін дер кезінде жасалған қадам ретінде кең қолдауға ие
болды. Біз әуел баста тек ынтымақтастық, өзара түсіністік пен диалог арқылы
ғана бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, өсіп-өркендей алатынымызға сендік.
Ұйымның сенім шараларын нығайту қағидаты қазіргі заманда аса өзекті. Азияның 90%
қамтитын және әлем халқының жартысынан астамын біріктіретін Азиядағы өзара
іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі халықаралық қатынастардың дамып
келе жатқан архитектурасындағы маңызды элементке айналды.
Президент геосаяси шиеленістің өршуі мен көпжақтылық қағидаттарының
әлсіреуі өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа едәуір қауіп төндіретініне назар
аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан ауқымды саяси және
экономикалық реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға ниетті. Бұдан бөлек,
Мемлекет басшысы елімізде энергетика, көлік және цифрландыру салаларындағы
инфрақұрылымды жаппай дамыту үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Сондай-ақ,
ол ауыл шаруашылығын жаңғыртуды тағы бір стратегиялық бағыт ретінде атады. Ел
экономикасын әртараптандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге
аталған саланың ықпалы зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз жаһандық қосылған құн тізбегімен толық интеграцияланған, сондай-ақ,
климат пен орнықты даму саласындағы мақсаттарға сай келетін тұрақты
экономиканың негізін қалап жатырмыз. Біз ұзақмерзімді мақсатқа жету үшін
халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастық құруға мүдделіміз. Орайлы сәтті
пайдаланып, осы маңызды бастаманы жүзеге асыруға үлес қосқан дипломаттар
қауымының айрықша рөлін атап өткім келеді.

