Астанада әкімшілік әділетке арналған форум өтті

Астанада әкімшілік әділетке арналған форум өтті

Астанада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форум өтті. Жиынға Қазақстан Президенті қатысты. Мемлекет басшысы еліміз тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім және келісім болуы керек екенін атап өтті. Қоғамдық келісім, бұл – көпқырлы табанды жұмыстың нәтижесі. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады. Осы маңызды жұмысқа биліктің әр деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер, депутаттар белсенді түрде қатысуы керек.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Соңғы жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау, бұл – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт. Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды.

Президент еліміздегі сот тәжірибесі үшін де бетбұрыс кезеңі басталғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елдің әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің арта түскенін көрсетті. Сондықтан жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігін сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітудің маңызы зор деді, Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Күн тәртібінде сотқа шағымданудың қасаң моделін сот ісін жүргізу тәуекелдерін стратегиялық басқаруға ауыстыру қарастырылып отыр. Үкімет қазірдің өзінде тиісті ережелерді әзірледі. Енді орталық және жергілікті деңгейде әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажет. Бұрын келіп түскен шағымдар мен өтініштерде қаралған мәселелер қайтадан соттағы дау-дамай нысанасы болмауы керек. Әкімшілік тәжірибенің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.

Еліміз сот жүйесі және құқық қорғау саласындағы түбегейлі реформалармен қатар ауқымды экономикалық өзгерістерді жүзеге асыруда. Қазақстанда іскерлік белсенділікті арттыру үшін, соның ішінде инвестициялық дауларды шешу мақсатында қолайлы құқықтық институционалдық орта қалыптасуда. Соның арқасында сот шешімдерінің 80% жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылып жатыр. Президент бизнесті қорғаудың арнайы тетіктері, оның ішінде Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб, Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті, сондай-ақ ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істейтін АХҚО-да Сот пен Халықаралық төрелік орталығы құрылғанын еске салды. Қазір Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша аймақта көш бастап тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан да биік белестерге ұмтылуымыз керектігін алға тарты.

Сондай-ақ, Президент бүгін Қазақстанның дамуына және еліміздің заңнамасын жетілдіруге елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?