Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету туралы үндеу жолдады. Онда ведомоства барлық меншік нысанындағы еңбек ұжымдарын қиын жағдайға тап болған отандастарымызды қолдауға және қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырды. Фермерлерге қолдау көрсету бойынша арнайы есеп шот министрліктің сайтында жарияланды. Үндеуде үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, зардап шеккен аймаққа қолдау көрсетіп, қажетті жұмыстарды атқарып жатқаны айтылған. Бұл іске ел көлемінде еріктілер де жұмылдырылды. Сондай ақ министрлік қызметкерлері қолайсыз табиғи құбылыстардан зардап шеккен тұрғындар мен фермерлерге көмек ретінде, 1 күндік жалақыларын Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылған арнайы шотқа жібермек.
Айта кетейік, құрғақшылықтан жапа шегіп жатқан ағайынға қол ұшын созып, еліміздің әр аймағынан қолдау білдіріп жатқан жандар аз емес. Елдің түкпір түкпіріндегі қайырымды жандар қуаңшылық жайлаған аймаққа шөп жіберіп жатыр. Олардың бірі Маңғыстау өңіріне жүк көлігімен шөп жіберіп, ел құрметіне бөленген түркістандық Құрмет Талапқазы. Асарға шақырған жас жігіттің үндеуіне қосылғандардың қатары күн санап артып келеді.
Құрмет Талапқазы, ерікті:
- Аға-бауырлар, ағайындар бар ғой, елдік қасиетін көрсетіп жатыр. Рахмет, мен оны міндет етпеймін. Қазақтың жігіті істеуге тиіс тірлік қой бұл. Әрбір Қазақстандағы азаматтар бар, азаматшалар бар, бәрінің міндеті ғой.
Ақыл Бибазар, Алматы қаласының тұрғыны:
- Маңғыстауда малдың қырылып жатқанын көргенбіз. Бірақ ішімізден қынжылып жүрдік, әттеген-ай деп. Қалалы жерде тұрған соң ештеңе ойлай алмай жүрдік. Енді бір қазақ қиналып жатқанда, мың қазақ жабылсақ деген ниетіміз бар.
Мұратбек Солтанбай, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Әлеуметтік желіден көрдім. Құрметтің Батысқа көмек берейік деп жалғыз өзі шырылдап, шөп шауып жүрген видеоларын көріп, отыра алмадым. Осында келе салып, оруға кірістік, орылғанын жинасуға көмектестім.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов