Ауқымды жобаның құны 43 жарым млрд теңгеге жуық. Бұл қаржы 165 шақырым газ құбырын салуға
бағытталмақ. Нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жаңа желі
Ақтөбе қаласында көгілдір отынды тұтынудың артуынан қолданыстағы инфрақұрылымға
түсетін жүктемені біраз азайтуға септеседі. Сонымен қатар, жалпы құны 3 трлн
теңгеден асатын 17 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Жалпы қазір Ақтөбе қаласының маңындағы аудандар
«Бұқара-Орал» және магистралды газ құбырларының екі желісімен, қосымша «Жаңажол-Ақтөбе»
магистралды газ құбырларымен газбен қамтамасыз етіледі. Облыста
экономикасы өсуде, жаңа ірі жобалар іске
асырылуда. Сонымен бірге жаңа үйлер беріліп жатыр. Сондықтан қажеттілік бұданда
жоғары. Осыған орай біз өте маңызды инвестициялық жобаны іске асырудамыз. Биыл
және келесі жылы толығымен қаржыландыруымыз керек бұл жобаны. Сонда жылына
қуаттылығы 2,4 млрд текше метр газ қосымша өңірдің экономикасына, Ақтөбеге,
соның маңайындағы ірі жобаларға берілетін болады.
Бұған қоса, «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожолының
жүктемесін төмендету көзделген. Бұл «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық
көлік дәлізінің еліміз арқылы өтетін бөлігі. Аталмыш учаскеде көлік
қозғалысының қарқыны өте жоғары. Күніне шамамен 16 мың темір тұлпар қатынайды.
Оның 4 мыңы жүк көлігі. Күрделі жөндеу кезінде 262 шақырымы екіден төрт
жолақтыға дейін кеңейтіледі.