СҚО-да Алтын Орда дәуіріне жататын «Қызыл оба» археологиялық ескерткіші мұражайға айналды. Бұл ашық мазарларды табиғат құбылыстарынан, ал қазба жүргізетін археологтарды аптап ыстықтан қорғайды. Сондай-ақ аймаққа туристерді тарту көзделуде. 7 ғасыр бұрын салынған қорым 2019 жылы ашылды. Жер астынан ер адамның, әйел мен 3 баланың сүйегі табылды. Археологтар оларды «Жошы ұлысының ұрпақтары» деп топшылап отыр. Бұдан бөлек, күміс ақшалар, әшекей бұйымдар мен қыш құмыралардың қалдықтары табылды.
Жанат Баймүсенов, Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы директорының орынбасары:
- Неге Алтын Орда дәуіріне жатқызамыз? Кесене күйдірілген шаршы кірпіштертен қаланған. Бұл – әлем бойынша тек сол хандықтың кезінде қолданылған материал. Оны Алтын Орданың бренді десек те болады. Кірпіштер 750 жыл өтсе де, қатты бұзылмаған.
Өңірде Алтын Орда дәуіріне жататын 7 кесене бар. Тарихшылардың топшылауынша, олардың жанында сол заманның қалашығы секілді тұрақ болуы тиіс. Археологтар оны келесі жылы іздеп көрмек.