Алтын Орда дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлер Ұлттық музейде ұсынылды

Алтын Орда дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлер Ұлттық музейде ұсынылды

Елордада қазақ тарихының айшықты өкілі Болған ананың жаңғыртылған бейнесі таныстырылды. Бұл – антропологиялық деректерге сүйенген еліміздегі алғашқы гипперреалистік мүсін. Ел аузында сақталған аңызға сай, ол Жошы ханның қызы болған, кей мәліметтерде келіні деп айтылса, өзге дереккөзде ұлы даланың билеуші өкілдерінің бірі ретінде баяндалады. Қалай дегенмен ұлт ұйытқысы Ұлытауда көне кесенені кешенді зерттеу барысында бар сән-салтанатымен жерленген 35-40 жас шамасындағы әйел екендігі анықталады.

Онымен бірге жібек матадан тігілген шапан, алтын тостаған мен сырғалар, темір сапы мен айна және аяқ жағына қойылған ертұрман табылған. Ұлттық музейде Алтын Орда дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлерді көпшілік назарына Қарағанды облысының тарихи-өлкетану мұражайы ұсынып отыр.

Ержан Нұрмағамбетов, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы:

- Біз «қызғалдақтың отаны» деп айтамыз ғой. Сол алтын тостағанның түбінде кәдімгі қызғалдақтың суреті салынған. Ернеуінде қазақтың қошқар мүйізі. Ұрпақтар сабақтастығы, тарих сабақтастығы деген осы. Ұлттық музейден бастағалы отырмыз. Бұдан кейін бүкіл 17 өңірді аралап, Алтын Орда тарихын, оның ішінде Жошы әулетін көрсетпекпіз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов