7 шілдеден бастап Алматыда санитарлық шаралар күшейтіледі. Осы күні қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шешімі күшіне енеді. Атап айтқанда, адамдар көп шоғырланатын жабық орындарда, қоғамдық көліктерде бетперде тағу ұсынылады. Бұл автобус, метро, сауда орталықтары, жабық базарлар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, банктер, кинотеатрлар, цирктер, концерт залдары, сапаржайлар, сонымен қатар көрермендер қатысатын спорттық іс-шаралар мен конференцияларға қатысты. Сонымен қатар, құжатта COVID-19-ға қарсы 6 ай сайын екпе және ревакцинациялау қажеттілігі туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қызметкерлерді, жүкті әйелдерді және науқастармен байланыста болған адамдарды қашықтан жұмысқа ауыстыру қажет екендігі айтылған. Бұған дейін Алматы қаласының коронавирустың таралуы бойынша «сары» аймаққа ауысқаны туралы хабарланған еді.