Назарбаев Университетінің жасанды интеллект бағытындағы кампусы Алматыда ашылады. Бұл туралы Елбасы университет президенті Шигео Катсумен кездесуінде мәлімдеді. Тұңғыш Президент оқу орнының қызметінде жасанды интеллект технологиясын дамытудың маңыздылығына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, жобамен айналысатын шетелдік компаниялармен келіссөздер аяқталған. Басқосуда Назарбаев Университетінің 10 жыл ішінде қол жеткізген басты жетістіктері мен жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясын жүзеге асыру барысы талқыланды. «Ғылыми зерттеулердің сапасы бойынша оқу орны Еуразия кеңістігіндегі ТОП-10 жоғары оқу орнына кіріп, жетекші университеттерімен бәсекеге түсті», – дейді Шигео Катсу. Қазір білім ордасында 7 мыңға жуық студент білім алуда.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Жас мемлекетімізге заманауи кадрлар қажет болды, сондықтан алдымен «Болашақ» бағдарламасын жарияладым. Уақыт өте келе бакалаврларды Назарбаев Университетінде даярлай бастадық. Шетелде маман даярлау бұрын екі есе қымбатқа түсетін, енді кадрлар өзімізде оқытылады.
Шигео Катсу, «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің президенті:
- Назарбаев Университеті «Болашақ» бағдарламасына балама ретінде салынды. Негізгі мақсат – Қазақстанда әлемдік деңгейде білім беретін оқу орнын құру. Егер жастарға өзге мемлекетте алатын білімді өзімізде беретін болсақ, экономикалық жағынан да тиімді болар еді. Елбасы білім дарынды жастарға бірдей қолжетімді болсын деген нақты тапсырма берді. Біз соны мүлтіксіз орындауға тырыстық.