Қазақ киноөнімдерін аймақтық нарыққа ілгерілету, жаңа жобаларды ұсыну, киногерлердің мүмкіндіктері мен сонымен қатар іскерлік байланыс орнату. Алматыда өткен Eurasian Film Market отандық сала өкілдеріне осындай мүмкіндік берді. Бірінші халықаралық кинонарық Еуропа және ТМД елдеріндегі кино саласында қызмет көрсететін 250 продюсер, дистрибьюторлар, стримингтік платформалар мен компаниялардың басын қосты. Жаңа алаңда Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу», Данияр Ибрагимовтың «Бүркіт» экшн-фильмі, Әділхан Ержановтың «Мүйізтұмсық» атты жаңа жұмысы және Фархат Шәріповтың «А-Студио» әндеріне негізделген ауқымды «Махаббат солдаты» мюзиклі көпшілік назарына таныстырылды. Орталық Азия студиялары да түрлі жанрдағы фильмдерін ұсынды. Жалпы бағдарламаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен 100-ден астам жұмыс енгізілген.