Бұған дейін бұл үрдіс екі айға дейін созылатын. Мәжіліс елімізде петиция институтын құруды көздейтін қоғамдық бақылау туралы заң мен оған ілеспе түзетулерді қабылдады. Құжат ел азаматтарының қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған. Аталмыш заң Парламенттің Жоғары палатасының қарауына жіберілді. Заң аясында еліміздегі қоғамдық бақылау нысандарына бұдан бұлай «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры және оған еншілес компаниялар кіреді. Бұған қоса, бұл тізімге әскери бөлімдер мен әскери оқу орындар, Назарбаев Университеті және Назарбаев зияткерлік мектептері еніп отыр.
МӘЖІЛІС ҰҚШҰ-ҒА ҚАТЫСТЫ ЗАҢДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Сондай-ақ мәжіліс депутаттары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысты 3 заң қабылдап, Сенаттың мақұлдауына жіберді. Бұл құжаттар барлық тараптың өзара қарым-қатынасын реттеуге бағытталған. Яғни, мүше елдердің қорғаныс саласын заманауи қару-жарақ, әскери және арнайы техникамен, материалдық құралдар, оның ішінде медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Сіздерге Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерін бірлесіп материалдық-техникалық, медициналық қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау көзделетін заң жобасы ұсынылады. Келісімге 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбе қаласында Ұжымдық кеңес отырысында қол қойылды. Келісімді ратификациялау халықаралық қауіпсіздікке төнетін сын-қатерге ден қоюды қамтамасыз ететін ұжымдық күшті жоғары жауынгерлік әзірлікте ұстауға мүмкіндік береді.