Алматылық шебер осы күнге дейін өз қолымен 2 мыңға жуық қамшы өрген. Қазақ
халқының тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған қамшы тоқудың
ежелгі өнерін Есенкелді Құлжабаев осыдан тура 50 жыл бұрын меңгерген. Шебер бұл
ата кәсіпті әкесінен үйренгенін айтады. Қамшы – атқа мінгенде жылқыны басқару
құралы ғана емес, халқымыздың рухани дүниетанымы мен салт-дәстүрін бойына
сіңірген көне мұралық жәдігер. Бабаларымыз қамшы ілінген үйге «жын-шайтан
кірмейді» деп қасиеті мен киесіне сенген. Оны ұстаған азамат айбарлы көрінеді. Оның
өрілу әдісі мен өрнектелген оюларына қарап иесінің мінез-құлқы мен мәртебесі
қандай екенін білуге болады. Шебер қолынан шыққан әр бұйымға өрімнің түрлі
әдістерін қолданады. Көзге тартымды болуы үшін оны дәстүрге сай әшкейлейді.
Есенкелді Құлжабаев, шебер:
- Пайдаланған өрім түрлерін көрсету үшін, балаларға үйрету үшін жасап
шықтым. Өрімнің негізгі үш үлкен тобы бар: тақ сан жалпақ өрім, жұп сан жалпақ
өрім және жұмыр өрім түрлері.
Өрімнің барлық түрін меңгерген шебер арнайы әдістемелік кітап та жазып
шығарған. Есенкелді Құлжабаев университетте студенттерге қолданбалы өнерді
үйретеді. Сондай-ақ бұған ниет танытқан барлық ересектер мен балаларға шеберлік
сабақтарын өткізеді. Олардың арасында 5 жасар Дариға бар. Мұнда өз тобындағы
балалармен келген. Алғашқы қамшысын ағасына арнап жасапты.
Айгерім Сейсенбекова, Балабақша тәрбиешісі:
- Есенкелді ағаны іздеп жүріп таптық. Ол кісі сияқты шебер ағалар қазіргі уақытта саусақпен санарлық. Мақсатымыз - баланың бойына ұлттық құндылықтарды жастайынан сіңіру.
Шебер алдағы уақытта қамшы өруге қатысты арнайы курстар ашқысы келетінін
айтады. Мақсаты бабалар мұрасын сақтап, кеңге насихаттау.

