Ақтөбеде қазақтың қайсар қызы, мерген, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованы еске алу шарасы өтті. Жиналған қауым сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен қазақстандық қаһарманды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. Ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Биыл майдан даласына 18 жасында аттанған батыр қыздың туғанына 100 жыл. Осыған орай елімізде және кіндік қаны тамған жерде 100-ден астам іс-шара, соның ішінде әскери-патриоттық, спорттық жарыстар, түрлі байқаулар мен тақырыптық кештер өтеді.
Бекзат Қаумешов, Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа
технологиялар колледжінің педагог-ұйымдастырушысы:
- Әлия апамыздың жүріп өткен жолдары, кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол ұлттық рухты, ерлік жолдарын, патриоттық тәрбие беру уақытын қалыптастыра білген деп танимыз. Сондықтан да Әлия апамызды еске алушылар әрдайым 14 қаңтар күні және туған күнінде, ерлікпен қаза тапқан күніне байланысты еске алу шараларын тұрақты, жылда өткізіп тұрады.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

