Қазақстанның әлеуметтік желілерінде интернет байланыстың шектелуіне қарамастан, жалған ақпараттардың таратылуы жалғасуда. Олардың ішінде «ел астанасына 2000 талибан келеді» деген ақпарат бар. Елорданың комендатурасы бұл ақпараттың жалған екенін айтып, азаматтарды арандатушылық пен үрейге бой алдырмауға шақырды. Сондай-ақ елордадағы жағдай толық бақылауда екенін мәлім етті.
«Алматы маңындағы әскери биозертхана басып алынды» деген қауесет те жалған болып шықты. Ел тұрғындары бір-біріне «химиялық қорғаныс костюмдеріндегі мамандар ғимараттың жанында жұмыс істеп жүргенін және қауіпті қоздырғыштардың ағып кетуі мүмкін» деген ақпаратты хабарламалар арқылы жіберіп отырды. Бұл жаңалықты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде жоққа шығарды.
Тағы бір ескі жалған ақпарат әлеуметтік желілерде қайта пайда болды. Хабарламада қазақстандықтардың несиесі кешірілетіні айтылған. Несиелік рақымшылық туралы ақпараттың артын суытпай өтірік екені белгілі болды. Мамандар тек ресми мәлімет көздеріне сенуге шақырады. Осы ретте ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев жалған ақпарат таратушылар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.