Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің ізгі ниет елшілері институты құрылды

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі 2025 жылдың 17-18 қыркүйегінде өтеді. Бұл жөнінде Астанада өткен Съезд Хатшылығының отырысында белгілі болды. Алдағы келелі жиынға «Діндер диалогы: Келешек жолындағы синергия» деген атау берілді. Ондағы көтерілетін тақырыптар да әдеттегідей ғаламның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге арналмақ. Яғни, қатысушылар адамзатты ұйыстыруда және әлемді орнықты дамытуда діннің рөлі, цифрландыру дәуірінде рухани құндылықтарды сақтау, экстремизммен күрес сияқты мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ хатшылықтың отырысында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің «Ізгі ниет елшілері институты» құрылды. Бұл лауазымға ұсынылған бес адамның ішінде әнші Димаш Құдайберген де бар. 

Мәулен Әшімбаев, сенат спикері, съезд хатшылығының басшысы, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Біз Съездің ізгі ниет елшілері институтын құруды жоспарлап отырмыз. Бұл рухани дипломатияның маңызды элементі болуға тиіс. Біз беделді діни, саяси және қоғам қайраткерлерін съездің мақсаттары мен идеяларын халықаралық деңгейде ілгерілетуге үлес қосуға шақырамыз. 

Мұхаммед Зия-Уль-Хак, Исламабад халықаралық Ислам университеті институтының директоры:

– Бұл съезд ұзақ мерзімді нәтижеге ұмтылуда. Конфессияаралық диалог барша әлемнің қалауы болды және Қазақстан мұны дәстүрге айналдырды. Қазір әңгіме конфессияаралық диалог пен Қазақстан Республикасының бұл іске қосқан үлесі туралы болып отыр.