Әлемде коронавирустың омикрон штамы жылдам тарауда. Ол COVID-19-дың өзге түрлеріне қарағанда жылдам жұғатын болғандықтан, науқастар саны күрт артып, дерт меңдеп барады. Біраз елде, ауруханада орын жоқ. ПТР-тест те жетіспей жатыр. Ұлыбританияда омикрон штамының таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне үлкен салмақ түсті. Ауруханаларда бос орын болмағандықтан, жедел жәрдем көліктері сағаттап күтуге мәжбүр.
Ребекка Борн, медбике:
- Жедел жәрдем бөлімінде 42 адам төсек-орынның босағанын күтіп отыр. Сондықтан оларды көлік ішінде емдеуге мәжбүрміз.
Аустралияда да індет қайта дендеп барады. Жексенбіде елдің ең тығыз қоныстанған Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында 30 мыңнан аса науқас анықталып, 16-сы осы дерттен көз жұмды. Бұл – пандемия басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Доминик Перротте, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьер-министрі:
- Бұл – штатымыз үшін өте ауыр күн. Соңғы тәулікте 16 адам вирустан қайтыс болды. Вакцина алмаған адамдарға екпе салдыруын сұраймын. Ғылыми деректер алдамайды. Вакциналау – өздеріңізді қорғап қалудың жолы.
Мамандар омикрон штамы коронавирустың бұрынғы түрлеріне қарағанда жеңіл өтетінін айтып отыр. Ол тыныс алу жолдарының тек жоғары бөлігіне тарап, әдеттегі өкпе қабынуына әкелмейтін көрінеді. Дегенмен оның тез жұғуы мамандарды алаңдатуда. Әсіресе вакциналау қарқыны төмен елдерде тез тарап кетуі мүмкін. Сондай-ақ супермутация шығу қаупі де бар.
Еске сала кетейік, жуырда Кипрде коронавирустың жаңа түрі анықталды. Ғалымдар оны «дельта» және «омикрон» штамдарының гибриді дейді. Жаңа мутацияға «дельтакрон» деген атау берілген.