Алатауда 2 триллион теңгеден
астам сомаға 53 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олар 50 мыңнан
астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Осы және басқа да мәселелер
Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен қала кеңесінің отырысында
қаралды. Негізгі бастамалардың бірі оңтүстік кореялық smart-технологияларды
қолдана отырып, ауданы 330 гектар пилоттық аумақ құру болады. Алатау қаласында
нақты уақыт режимінде шаһардағы процестерді басқару үшін цифрлық сыңарды, Big
Data және жасанды интеллектіні енгізу қарастырылмақ. Осы жылдың соңына дейін
Қаланы дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын, жетекші халықаралық консалтингтік
компанияларды тарта отырып, Даму стратегиясы мен Мастер-жоспарды әзірлеуді
аяқтау жоспарлануда. Бұған қоса, жылдың соңына дейін токенизациялау бойынша
алғашқы жобаларды іске қосу, резиденттерді тарту және виртуалды әрі нақты
экономиканы біріктіретін бірыңғай кеңістік қалыптастыру жоспарланып отыр. Жиын
қорытындысында Alatau City Authority туралы ереже бекітілді. Арнайы ұйымы –
Алатау қаласының дамуына жауапты мемлекеттік орган болып қайта құрылады.
Алишер Абдықадыров, Alatau City Authority бас атқарушы директоры:
- Біз
мемлекеттік орган мәртебесінде жұмысты бастаймыз. Яғни Алатау қаласын жедел
дамыту бойынша өкілеттіктер мен басқару жүйесін айқындаймыз. Жыл соңына дейін
болашақ қаланың дербес экожүйесінің берік негізін құруға мүмкіндік беретін
Алатау қаласының нормативтік-құқықтық актілерінің негізгі блогы қабылданады.
Бұл кәсіпкерлік, құрылыс, заңды тұлғаларды лицензиялау, салық, кеден режимі
мәселелеріне қатысты болады. Осы актілер инвесторлар мен бизнес үшін түсінікті
әрі ашық орта қалыптастырады. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Мемлекет басшысының
тапсырмасымен қаланың негізгі және стратегиялық құжаттары әзірленіп,
қабылданатын болады. Бұл оның ұзақ мерзімді Даму стратегиясы және Мастер
жоспары.

