«Алаш» этноауылы ашылды

Қарағанды облысындағы Жошы хан тарихи-мәдени кешені аумағынан «Алаш» этноауылы ашылды. Мұнда ұлттық ойындарымызды насихаттап, атқа міну мәдениетін дәріптеуге барынша басымдық берілген. Ал жағалай тігілген қазақы үйлер ұлттық сипатымызды алыстан аңғартады. Киіз үйдің ішкі жабдықтары көздің жауын алады. Қазір этноауылға келетіндердің қатары күн санап артып келе жатыр, - дейді ұйымдастырушылар. Тіпті, жақында сонау Моңғолия мен Канада елінен жиһанкездер жеткен. Жошы хан кешені тарихи-мәдени орталық, кесене мен мұражайдан тұрады. Шыңғыс ханның үлкен ұлына арнап салынған жеті метрлік ескерткіш те осында орнатылған. Оның есімімен жергілікті тұрғындар көптеген аңыз бен дәстүрді байланыстырады.

Бектұрсын Әйтентегі, этноауыл басқарушысы:

– Елге, халыққа ұлттық салт-дәстүрімізді, тірлігімізді насихаттау барысында ашылған этноауылымыз. Аллаға шүкір, қазір халықтың, демалушы азаматтардың келуі жақсы, шет елден де. Алла қаласа,  болашақта көгалдандыру жұмысы, жас шыбықтар егу, тағы да атқаратын шаруамыз көп.