Ақтау портында контейнерлік хабтың құрылысы басталады

Ақтау және Құрық порттарының базасында ірі көлік-логистикалық кластер құрылмақ. Бұл 2024-2028 жылдарға арналған теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспарында көзделген. Көлік министрлігінде атап өткендей, оны іске асыру контейнерлік қуаттарды арттыруға, жүктерді ауыстырып тиеу терминалдарын дамытуға және халықаралық тасымалдардың логистикасын дамытуға, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

– Құжатқа сәйкес, биыл Құрық порты акваториясының түбін тереңдету және Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары басталады. Жобалардың негізгі үлесі жеке инвестициялар, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту шеңберінде жоспарланған инвестициялар есебінен іске асырылады. Осылайша, 2028 жылға қарай порттардың өткізу қуаттылығын 50% арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ контейнерлерді өткізу 3 есеге ұлғаяды.