Ақмола облысының шеберлері ұлттық құндылықтарды насихаттап жүр. Ісмерлер этникалық стильде киім тігіп, тұрмыстық ыдыстар мен бірегей бұйымдарды жасайды. Мәселен, Барқыт Бейсекова құрақ көрпелер мен оюлы жастықтарды тіккенде халық қолөнерінің барлық қыр-сырын сақтап, ою-өрнектердегі түстерді іскерлікпен үйлестіреді.
Барқыт Бейсекова, Жаңа Қима ауылының тұрғыны:
- Қазір қолым босаса болды, тігумен айналысамын. Немеремді тұрмысқа бермекпін. Сол үшін арнайы аққудың бейнесін салып, махаббат көрпесі мен жастығын тігемін.
Ал Индира Боқаеваның этникалық үлгідегі туындылары үлкен сұранысқа ие. Жас шебер көбіне балаларға арналған қазақтың ұлттық киімдерін күрделі технология бойынша тігеді, сондай-ақ ұсақ тастармен безендірілген тұсаукесерге арналған костюмдер жасайды.
Индира Боқаева, тігінші:
- Бүгінде адамдар бір-бірінен көреді, естиді. Сондықтан сұраныс жақсы. Қазір мектеп оқушыларына арнап ұлттық киімдерді тігіп жатырмын. Өзіміздің ұлттық киімді насихаттап, қандай да бір тойға арнап балаларына кигізетін адамдарды көргенде қуанамын.
Ақмола облыстық шеберлер одағында 800-ге тарта қолөнерші тіркелген. Шеберлер әрдайым түрлі жәрмеңке мен көрме, фестивальде өз жұмыстарының нәтижесін көрсете алады. Ұлттық қолөнершілік бойынша курстар мен шеберлік сабақтары да жиі өткізіліп тұрады.
Гүлбара Нұрқанова, облыстық шеберлер одағының төрайымы:
- Тек қана қолөнермен айналысып қоймай, мектептегі жас қыздарды, колледж, университет студенттерін, көпбалалы жас аналарды шақырып, шеберлік сабақтарын өткізіп тұрамыз.
Айта кетейік, өз брендін жасап, ұлттық қолөнерді өмірлік кәсіпке айналдырғысы келетіндер үшін мемлекеттік гранттар қарастырылған.