«Ахмет Байтұрсынов және Алаш». Прагада қазақстандық ғалым, ағартушы, қоғам және саяси қайраткердің 150 жылдығына, сондай-ақ алаш қозғалысының мәдени мұрасына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл еңбек алғаш рет чех және ағылшын тілдеріне тәржімаланған. Туындыға қазақ мәдениетінің айтулы қайраткерлері мен алашорда тарихын зерттеуші ғалымдардың еңбектері кірді. Қазақстандық дипломаттар мен ғалымдар өз сөзінде Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тарихындағы рөлін ерекше атап өтті.
Йиржи Шима, профессор:
- Бүгінгі іс-шараның ортасында жүргеніме өте қуаныштымын. Қазақстанның атақты қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы, Алаш Орда тарихы туралы кеңірек танып-білуге мүмкіндік алып отырғаныма ризамын. Алаш Орда – Қазақстан тарихының ажырағысыз бөлігі.