АХҚО банктердің корпоративтік клиенттерінің мүддесін корғайды. Мамандардың айтуынша, тиісті құқығы бұзылған жағдайда бизнесмендер ұйымға шағым түсіре алады және Call-орталыққа қоңырау шалып, аты жөнін жасырын қалдыру құқығына ие. Бұл әсіресе шектеу шараларының енгізілуіне қатысты мәселелерде айрықша маңызды. Пандемия кезіндегі пруденциалды саясаттың енгізу мәселесі «Астана» халықаралық қаржылық орталығының алаңында үш күннен бері талқыланып жатыр. Онлайн кездесу барысында 25 мемлекеттің сарапшылары саладағы алдыңғы қатарлы технологиялар және тәжірибелерімен бөлісуде. Шараға Орталық және Шығыс Еуропаның орталық банктері мен реттеушілерінің жетекшілері, сондай ақ Халықаралық валюта қоры, Базель комитеті сынды салалық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Жиында сөз алғандар цифрландырудың енгізілуімен банктердің жұмысын бақылауды ұстау бұрынғыдан да өзекті бола түскенін атап айтты.
Мұхтар Бөбеев, АХҚО қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитетінің бас директоры:
- Соңғы уақыттағы мәселелердің дені пандемияның салдарынан туындады. Ол экономиканың қалыпты жұмысына, елдегі біршама компаниялардың өз істерін тиімді жүргізуіне де кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан олар банктің көмегіне жүгінеді. Қаржы институттары мемлекеттік қолдау тетіктерінің бір құралы деп айтуға болады. Бұған қоса цифрландыру саясаты бәрін түбегейлі өзгертті. Банкке клиенттің келуі, оған қажетті қызмет көрсетуіне де өзгерістер енді. Бұл ретте қауіптің де арта түскенін айту керек. Мәселен киберқауіпсіздік. Көптеген алаяқтар пайда болды. Олар оңай ақша табуды көздейді. Банктер мен қадағаушыларға мәселені шешудің жаңа жолдарын табу керек.