Елімізде импортты алмастырудың қамында салалық жоспарлар мен өңірлік бағдарламаларды қабылдау көзделіп отыр. Индустрия министрлігінің мәліметінше, тек былтырдың қорытындысы бойынша жалпы құны 2 триллион теңгені құрайтын 160 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, 1%-тен астам өсім тіркелген. Ал, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 3,4%-ке артқаны байқалады. Қалған секторлар да түгелге дерлік өсім көрсеткен. Бұл ретте машина жасау, түсті металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс материалдарының өндірісі қарқын алған. Ведомствоның алқалы отырысында ел Премьер-Министрі индустриялық жобалар әлеуетін кеңейту қажеттігін атап өтті. Бұл ретте импортты алмастыруға баса назар аударылуы тиіс. Әлихан Смайыловтың айтуынша, тау-кен өндірісін дамыту және жалпы сала бойынша жаңа өндірістер құруға серпін қоса түсу керек.