Қазақстан Қытайға тауар экспортын еселей түспек. «Орталық Азия-Қытай» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, республика аспанасты еліне 135 тауар позициясы бойынша жеткізілімдерді ұлғайтпақ. Соның ішінде органикалық ауылшаруашылық және азық-түлік өнімдерінің көлемін 1 млрд доллардан астамға арттыра алады. Өткен жылы қос ел бизнесмендері 17 млрд доллар сомаға сауда-саттық жасаған. Сонымен бірге қытайлық инвесторлар біздің экономикаға 20 млрд доллар қаржы құйған. Тараптар «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы жобаларды да дамыта бермек. Транзиттік әлеуетті кеңейту мәселесі де назарда.
Еске сала кетсек, Қазақстан аумағын басып өтетін магистральдік дәліздер қытайлық өндірушілерге Еуропа, Таяу Шығыс және ТМД елдерінің нарықтарына қысқа уақытта шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан орталықазиялық ынтымақтастықты да тереңдетуге мән бермек. Аймақ елдерімен шекаралық аумақтарда Қазақстан көтерме-тарату және агрологистикалық орталықтар құруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда көлемі 40% жуық өскен.