АӨК өнімінің экспорттық әлеуетін арттыру көзделді

АӨК өнімінің экспорттық әлеуетін арттыру көзделді

Қазақстан АӨК тауарлары экспортының жалпы көлемінде өңделген өнімнің үлесін 70% жеткізуге ниетті. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш шамамен екі есеге аз. Аталған межеге қол жеткізу қамында сыртқы бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға бағытталған бірқатар тың жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, елде былтыр ғана ет, сүт, майлы дақылдар мен бидай, макарон және жарма өнімдерін өндіруге арналған бірнеше өндіріс ошағы пайдалануға берілді. Бейінді ведомства мамандары осы текті жаңа бастамалардың қатары жыл сайын артатынын айтады.

Мейірман Жұмағұлов, ҚР АШМ Қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы өнім нарықтары департаментінің бас сарапшысы:

- Қазақстанда 2025 жылға қарай АӨК саласында бірқатар инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде ет өңдеу бойынша 24, сүт өнімдерін шығаратын 20, қант өндіретін 2, жеміс пен көкөніс үшін 1, астықты терең өңдеу бойынша 1 кәсіпорын ашып қолданысқа беру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстары көзделіп отыр.

Осы бағыттағы инвестициялық жобаларға тоқталсақ, 2025 жылға дейін 934 жаңа кәсіпорынның өндірісі жолға қойылмақ. Былтыр ел бойынша 280-нен астам өндіріс қолданысқа берілсе, биыл олардың қатары тағы 300-ден астамға толығады деп жоспарланған.

Мейірман Жұмағұлов, ҚР АШМ Қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы өнім нарықтары департаментінің бас сарапшысы:

- Бүгінгі таңда инвестициялық жобалар тізбегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 100-ге жуық кәсіпорын бар. Аталған жаңа жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасына оң әсерін тигізеді. Өңделген өнім экспортын ұлғайтуға, сондай-ақ импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов