Қазақ халқы тарихының жаңа
беттері. Елордада Қолжазбалар және Сирек кітаптар Ұлттық Орталығы Иран елінен
келген көне деректерді таныстырды. Отандық зерттеушілер Ислам Республикасынан ел
өткенінен сыр шертетін 50 құнды қолжазба
анықтаған. 12-сі Қазақстанға жетті. Шетелдің мұрағатынан Шыңғыс ханнан бастап Қасым ханға дейінгі шежіре
шықты. Тарихшылар ол жайында білгенімен бұған
дейін дәйекті құжат табылмағанын айтады. Олар бұл тың жаңалық төл тарихты
түгендейтіне сенімді.
Алмат Әбсалықов, Қолжазбалар және
сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы:
-Мысалы, «Ахсан ат-таварих» деген
кітап, 16 ғасырда жазылған кітап, Хасан-бек Румлу авторы. Мысалы, Қасым Ханның толық
генеологиясы – шежіресі жазылған. Шыңғыс ханнан басталып, Қасым ханға дейін
жазылған. Басқа кітаптарда ондай шежіре кездеспейді. Сосын хақназар туралы
құнды мағлұматтар жинақталған.
Ендігі кезекте бұл құжаттарды
аударып, ғылыми айналымға енгізу мақсаты тұр. Айта кетейік Қазақстан мен Иран
бұл бағытта ұзақ жылдан бері әріптестік құрған. Бұған дейін Иран тарапы отандық ғалымдарға арнап, қолжазбаларды
зерттеу үшін 9 кезеңдік арнайы курс өткізген. Алдағы уақытта оларды қалпына
келтіру және каллиграфия бойынша тағы бір оқыту курсы ұйымдастырылмақ.
Алиакбар Талиби Матим,
Қазақстандағы Иран елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі:
-Иранның қолжазбаларды қалпына
келтіруде тәжірибесі мол. Біз Қазақстандықтармен сол тәжірибені бөлісуге
әзірміз. Қазақ халқының өз ұлттық және руханы болмысын сақтауға және кейбір
ұмытылған немесе жоғалған тарихын табу үшін көмек қолын созамыз. Сонымен қатар,
арнайы бір шарада кезекті бір қолжазбалар легін осы Ұлттық орталыққа сыйға
тартамыз. Сондықтан, екі елдің мәдени және рухани байланысы тек арта береді
деген үміттеміз.
Құнды деректерге «Мұрағат-2025»
бағдарламасы аясында қол жеткізілгенін айта кеткен жөн. Бұл – елімізден тысқары сақталған қазақ
халқынының тарихи құжаттарының сырын ашуға бағытталған Ұлттық жоба.