20 мың қазақстандық 14 14 нөміріндегі жедел желіге қоңырау шалып, онлайн кеңес алған. Шұғыл байланыс арнасына террористік актілерден зардап шеккен, туған-туысын жоғалтқан және психоэмоционалды қиындықтарды бастан өткізіп жатқан азаматтар хабарласқан.
Ерлан Мұстафин, психолог:
- Негізінен Алматы қаласынан хабарласқан адамдар көп. Ақпараттың жоқтығынан алаңдап отырған азаматтар да бар. Елде болып жатқан жағдайдан хабарсыз болғандықтан үрейленіп, стресс алып, қоңырау шалған.
Бекболат Молдабеков, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі:
- Біз жақындарын жоғалтқан жандарға көмек бердік. 126 адамды тауып, кері байланыс орнаттық. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен полиция қызметкерлерінде азаматтардың тізімі бар. Тізімнен жақындарын таппаған жағдайда, олардан толық ақпарат беруін сұраймыз.
Бірыңғай байланыс орталығына заңға қайшы әрекеттер туралы хабар беріп, телефон шалғандар да бар. Барлығы 350-ден аса қоңырау келіп түскен.