1921 жыл. Азаматтық соғыс аяқталған. Большевизм жеңді. Бірақ құрлықтың бір бөлігінде жағдай нашар еді. Қанды шайқасты бастан кешіп, әбден титықтаған, түрлі жұқпалы індеттер өршіп, өнеркәсіп құлдыраған, ұры-қары қаптап, аштық жайлаған ел күйреудің алдында тұрды.
Бұл жайында «Ресейдің ахуалы – өзі өлімші болып таяқ жеген, әрі балдаққа сүйеніп қалған шарасыз адамды еске түсіреді», - деп жазды Ленин. «Қазір кез-келген сауданы «алыпсатарлыққа» жатқызады және оны заңсыз деп таниды». Жазушы Герберт Уэллс 20-жылдардағы Ресей жайлы осылай деді. Бұл – ұлан-ғайыр үлкен елдің орталық қалаларындағы жағдай еді.
Ал Қазақ ауылдары аштан қырылып жатты. Толық емес мәліметтер бойынша, 1922 жылы Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Торғай губернияларында халықтың саны үштен біріне дейін кеміді. Еділден Түркістанға ағылған аш адамдар жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді.
Ленин шаруаларды қыспаққа алуды тоқтатып, енді олармен татуласатын уақыт туғанын түсінді. Бірақ мәңгілікке емес, алдағы 5-10 жылға ғана деп жоспарлады. Партияшылардың көпшілігі ЖЭС-ті (Жаңа экономикалық саясат) нан дайындайтын бір ғана мезгілде пайдаланып, шаруаларды алдаусырататын шара деп ұқты. Барлығы солай ойлады. Маусымда Орынборда ұйымдастырылған облыстық Бірінші конференцияда 28 мың коммунист ЖЭС-ке өтуді бірауыздан қолдады.
ЖЭС-тің саяси тұрғыдан, ең бірінші Қазақстан алып Кеңестер мемлекетінің бір бөлшегі ретінде қандай мәні бар еді? «Апиын ақшасы» қайдан шықты? Ресейдің аяқ астынан шыққан байшыкештері «дала байларынан» несімен ерекшеленді? ЖЭС неліктен іске аспады? Бостандық «Шығыс әйелдеріне» қаншаға түсті немесе большевиктерге жетім балалар не үшін керек болды? «Ұзаққа созылмаған үзіліс» қазақ интеллигенциясының шығармашылығында қандай көрініс тапты? Тарихта болған бұл оқиғаға қатысты сұрақтарға бағдарлама егжей-тегжей жауап беріп көреді.