Өткен ғасырдың басы. Иен даладағы ауыл. Жаздың бір ыстық күнінде осы ауылға ерекше мейман келді. «Күтпеген қонақ еді» деп айта алмайсың – қазақтың ұзын құлағы радиодан кем емес, кез келген хабар аттың жалына, түйенің қомына ілесіп, ауылдан-ауылға жетеді, ел арасына тез тарайды. Дегенмен бүгінгі қонақтың жөні бөлек. Өзі жергілікті халықтың тілін білмейді, бірақ ешкімді жатырқамайтын, бәрін көріп-білгісі келіп тұратын адам екен. Сол мінезіне бола, бай оны өз үйіне шақырды. Қонақ ретінде дастархан басына отырғызып, сұрақтың астына алды. Жолаушыға да бәрі – үй иесінің өзі де, меймандары да, үйі де, тіпті дастархандағы тосын тағамы да қызық, ал ең бастысы – әңгіме-дүкен еліктіріп барады. Тілмаш арқылы айтылған әңгіменің жартысы түсініксіз күйінде қалып жатыр, сонда да қызық.
Бұл кездесу туралы орыс ақыны Михаил Пришвин, кейінірек осылай деп, суреттеп жазды. Оның әңгімелерімен қатар, клеенкалы дәптерге күнделік ретінде жазылған, кейбір жері өшіп қалған немесе түсініксіз жазбалары да әдебиет игілігіне айналған еді.
Пришвин күнделіктен үзінді: «Даланы сүю үшін көшпенді болуың керек, ат арқасында жүруің керек, қыста қыстауда отырасың, малды жақсы көруің керек. Осы күні дала маған да ұнайды, себебі оның сырын түсінемін, ал бұрын ол маған сары селеу сияқты болып көрінетін».
Ал шын мәнінде, жалғыз жолаушы қиян шетте жатқан, өзіне бейтаныс Азияға не іздеп келіп еді? Ол көшпенділердің өміріне қатысты не көріп, не білді? Ұлы далаға үндістер мен Майн Ридтің қандай қатысы бар? Ұлы дала «табиғат жыршысына» не сыйлады? Пришвиннің күнделіктерінде қандай сәуегейлік болжамдар бар?
Мұның барлығы – біздің бағдарламада!