Сайын Мұратбеков – жазушы, драматург. 1936 жылы 15 қазанда Алматы облысы, Қапал ауданындағы Қоңыр ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы мен өмірі туралы деректерді «Жабайы алма» повесінен көп кезіктіруге болады. 1957-1963 жылдар аралығында ҚазМУ-де оқып, 1971 жылы Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Жазушының шығармалары украин, беларусь, грузин, армян, әзербайжан, литва, араб тілдеріне аударылған.
Сыршыл суреткердің «Жусан иісі» деп аталатын повесі – қазақ әдебиетіне бөлекше стильмен келген ерекше туынды. Кейіпкер тілінің шынайылығы арқасында шығарма оқырманға салмақ салмайды. Керісінше бұл еңбек ересектер мен бала оқырманға әбден түсінікті әрі жеңіл. Повестегі бас кейіпкер – Аян деген жетім бала. Ол ойынан ертегі шығарғанды ұнатады. Өте зерек, мектепке барғанда хат жазуды бәрінен бұрын үйреніп алады. Жазушы бұл кейіпкерге үлгілі баланың образын жинақтаған. Аян – шыдамды. Ол ешкімге соқтықпайды. Бірақ төбелес іздеген Есікбай сияқты бұзақы балаларды жөнге салып қояды. Әжесі қайтыс болғанда, соғыстағы әкесінен қара қағаз келсе де, қара жұмысқа жегіліп, тобығы сынып жаны қиналса да, ол көз жасын жан баласына көрсетпейді. Бірақ бала Аян жыламағанмен, қолына кітап ұстап отырған оқырманның ет жүрегі елжіреп, көкірегі қарс айрылады. Кейіпкерге типтік образ беріп, оқырманды осындай күйге түсіру – үлкен шеберлік.
Жусанның иісі – қазақ даласының иісі. Осы шығарманы оқып, қазақ даласында өсетін ерекше өсімдікті бір көруді армандаған оқырмандар да болған екен. «Жусан иісі» деген тіркесте үлкен бір ұлттық философия жатыр. Иіскесең, жансарайыңды ашатын жусан жұпары туралы идеяны баланың тілімен түсіндіруге Сайындай классиктің ғана қаламының құдіреті жетеді.
«- Әй, мен сендерге бір қызық айтайын ба, – деді ол сүйінші сұрағандай қуанышты үнмен, - Мен бүгін таң алдында түсімде ағамды көрдім. Рас айтам. Түнде жатар алдында ағамның пальтосын басыма жастап, көпке дейін иісін иіскеп жатқам. Ағамның иісі сіңіп қапты. Біртүрлі жусанның иісі сияқты жақсы иіс. Мен бүйтіп жағасына мұрынымды тығып алдым да ұзақ-ұзақ иіскедім... Әжем ылғи: «ағаңды анау Жусанды төбенің үстінде, мал қайырам деп жүргенде айдалада тапқанмын дейтін... Менің ағамда жусанның иісі содан қалған...Сөйтіп жатып ұйықтап едім, түсіме ағам кірді...».