Ұлы дала тарихнамасында, еркек кіндіктілерден бір елі қалыспай, арғымаққа ер салған, егеулі найза қолға алған батыр қыздар баршылық. Бірақ өзіміздің емес, өзге жұрттың өміріне етене араласып, ерлік істерімен ел есінде қалған бұрымдылар – сайдың тасындай ғана санаулы. Солардың бірегейі – үнді тарихында алтын қаріппен аты жазылған мұсылман әлеміндегі тұңғыш әйел билеуші қыпшақтың қайсар қызы Сұлтан Рәзия.
Сұлтан Рәзияның өмірі мен ерлігінен естелік айтатын көркем әрі деректі фильмдер, телехикаялар Үндістанда аз түсірілген жоқ. Өйткені, қыпшақ қызының үнді халқы үшін жасаған еңбегі ерен. Ол 31 жасында, нағашы атасы Құтып ад-дин Айбек негізін қалап, әкесі Шамс ад-дин Елтұтмыш гүлдендірген, Дели сұлтандығының «қос шылбырын» қолына алып, 4 жылдай төрелік еткен. Жаңа реформаларды жүзеге асырып, мемлекеттің өркендеуіне өте үлкен үлес қосқан.
Десекте көпшілік жұрт сол ұлы тұлғаның қай жерде мәңгілік дамыл тапқанынан беймәлім. «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы делилік ғалымдардың ақпараты арқылы Сұлтан Рәзияның зиратын тапты. Ол Делидің мұсылмандар тұратын ауданында орналасқан.