Отандық және шетелдік шеберлердің туындылары бір экспозицияда. Елордадағы Ұлттық музейде «Бейбітшілік тағы» атты көрме ашылды. Белгілі суретші-пацифист Гонсало Мабунданың «Тақ» және «Маска» атты жұмыстары экспозицияның көзайымына айналды. Туындылардың басты ерекшелігі – қару-жарақтардың қалдықтарынан жасалуында. Суретші автомат, патрон, гильзаларды, яғни Мозамбиктегі 16 жылдық азаматтық соғыстың қалдықтарын пайдаланған. Сонымен қатар көрмеде 25-тен астам қазақстандық және шетелдік суретшілердің жұмыстары қойылған. Олардың қатарында Айша Ғалымбаева, Амандос Ақанаев, Әбдірашит Сыдыханов және басқа да ұлттық өнердің майталмандары бар. Шара адамзат тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған.
Авторы: Ақзер Сегізбай