Қазақстанда 2029 жылға дейін республикалық желідегі 8 мың шақырым жолды сапалы салу және реконструкциялау міндеті қойылып отыр. Мәселен, таяу жылдары оның жартысынан астамын кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланған. Бұл туралы мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штаб отырысы барысында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде 2 мың шақырымға арналған үш жобаға басымдық берілген. Бұл «Ресей Федерациясының шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Ұлғайсын – Қызылорда», «Жезқазған – Қарағанды» және «Сарыағаш қаласын айналып өту» трассалары. Министр қазір кейбір учаскелерде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатқанын, ал басқалары бойынша жұмыстар 2024 және 2025 жылдары басталатынын атап өтті. Сонымен қатар жол бойындағы сервис инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1,5 мыңнан астам қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді, олардың 80%-ға жуығы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Алдағы алты жылда елде 300-ден астам жаңа дәмхана, жанармай құю станциялары мен сауда нүктелерін қосу жоспарлануда. Бұл ретте 2029 жылға дейін 14 мың шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ, автожолдар салу процесін бақылауды күшейту тетіктері енгізіледі.