ТХКБ бойынша жүк тасымалдарының көлемі бірінші жартыжылдықта 65% өсті

ТХКБ бойынша жүк тасымалдарының көлемі бірінші жартыжылдықта 65% өсті

Биылғы 6 айда ТХКБ бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 65%-ға артып, 2,1 млн тоннаны құрады. Көлік министрлігінің мәліметінше, теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, Ақтау және Құрық порттары базасында ірі теңіз көлік-логистикалық кластерін құру көзделген. Құжат аясында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Құрық порты акваториясының түбін тереңдету және Ақтау теңіз айлағында контейнерлік хаб салу жұмыстары бар. Жобалардың негізгі үлесі жеке инвестициялар есебінен, оның ішінде Транскаспий бағдарын дамыту шеңберінде іске асырылады. 2028 жылға қарай порттардың өткізу қабілетін 50%-ға ұлғайту жоспарланып отыр. 

Жалпы бүгінде Қазақстан жүктердің экспорттық-импорттық тасымалын айтарлықтай арттырды. Автомобиль көлігімен тасымалдау көлемі шамамен 4 млн, ал транзиттік тасымалдау көлемі 2,4 млн тоннаны құрады.    

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

– Қытаймен халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы үкіметаралық келісімді ратификациялау да маңызды оқиға болды. Енді қазақстандық тасымалдаушылар Қытайдың өнеркәсіптік және порт-қалаларына жүктерді тасымалдауды жүзеге асыра алады.  Және басқа елдердің аумақтары бойынша транзитпен жүре алады. Сонымен қатар, биыл алғаш рет Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға тестілеу режимінде жүктерді автокөлікпен халықаралық тасымалдау ұйымдастрылды. Ақтау қаласында Қазақстан – Қытай автотасымалдау жөніндегі бірлескен комиссиясының отырысы өтті. Осылайша, ел тарихында алғаш рет Құрық және Баку теңіз порттары арқылы Қытай-Қазақстан – Әзербайжан – Грузия бағыты бойынша жүктерді автокөлікпен транзиттік тасымалдау жүзеге асырылып отыр.