Бүгін – Ұлттық валюта күні. Осыдан 29 жыл бұрын Президент жарлығымен Қазақстан Республикасында теңге айналымға енгізілді. Ал 1997 жылы 15 қараша – ұлттық валюта күні болып белгіленді. Алғашқы ақшамыз Лондондағы белгілі фабрикада шығарылды. Қазір төл теңгеміз Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында және Өскемендегі Монета сарайында шығарылады. Төл теңгеміздің алғашқы дизайнерлері Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов болды. Теңге дизайны заман лебіне сай түрленіп отырды. Ең алғашқы банкноттарда тарихи тұлғалардың портреттері бейнеленді. Ал кейінгі ақшалардан Қазақстан Тәуелсіздігінің символдары – Бәйтерек, Ақорда, Тәуелсіздік монументінің кескінін көресіз. Бастапқы жылдары барлығы 7 номиналды банкноттары қолданысқа жіберілген. Теңге - әлемдегі ең қорғалған валюталардың бірі. Сондай-ақ қазақстандық валюта әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі саналады. Бүгінге дейін теңге дизайн мен технологиялық жаңашылдығы бойынша әртүрлі номинациялардағы 20-дан аса марапатқа ие болған.