Қазақтар – ерте кезден бастап ит жүгіртіп, құс салып, аң аулап серуен құрған халық. Олар аң аулауға бейім иттерін тазы деп атаған. Орта ғасырда өмір сүрген италиялық жиһанкез Марко Поло далалықтардың аң аулайтын жүйрік иттері жайлы тамсана жазады. Сондай-ақ бертіндегі орыстың статистика қызметкері А.Слудский 1930 жылдардың аяғында қазақ даласында шамамен 4 мыңнан астам аңшы иттер (тазы) болғанын және олар бір маусымда 30 мыңдай аң ұстап, оның терісін иелері ресми түрде үкіметтік мекемелерге өткізгенін айтады.