Ғалымдар елімізде наурыз мейрамы қай кезден бастап аталып өткенін анықтауға бел шешті. Кейбірінің пікірінше 2,5 мың жыл бұрын тойланса, өзгелері бұл мейрамның 5 мың жылдық тарихы бар деген ойда. Ал қазіргі заман этнографтары қолда бар дәйектерге сүйене отырып, бұдан да ертерек атала бастағанын айтады.
Наурыз мейрамына байланысты қазақ халқында сақталған аңыз-әпсаналар біршама. Солардың бірінде наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні жер бетін Қыдыр ата аралайды екен. Бұл мифологиялық кейіпкер – ислам діні пайда болмас бұрын дала халқында кең таралған тұлға. Жаңа жылды қарсы алмас бұрын ол қырық үйге кіріп-шығып, әрқайсына бақыт пен берекесін ала келеді екен.
Аңыз бойынша ол ерте оянғандарға келеді-мыс. Сондықтан балалар ерте тұрып, ал жастар болса түні бойы мүлдем көз ілмей, дастархан басында шүйіркелесіп отырады екен. Үй иесі болса тостаған ішіне ұн мен қант толтырып қоятын болған. Қыдыр ата үйге кірсе, ұнның бетіне бір белгі қалдырып кетеді деп есептейтін.