Қазақстанда мәжбүрлеп орындату туралы заң әзірлеу жоспарланып отыр. Еліміздің Әділет министрі Қанат Мусин Мәжілістегі Үкімет сағатында мәлім еткендей, қазір министрлікте оның тұжырымдамасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Министрдің айтуынша, құжат заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтарын сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін әлемдегі ең мықты деген заңнамалық тәжірибені қамтуы керек. Дегенмен бүгінгі таңда сот орындаушыларының жұмысына шағымданатын қазақстандықтардың саны артуда. Бір жылдан аз уақыт ішінде тиісті органдарға 6 мыңнан астам шағым келіп түскен. Олардың басым көпшілігі құжаттардың негізсіз ұзақ орындалуына қатысты. Ал мамандар іс бойынша тиісті мәжбүрлеу шараларын қабылдамайды.
Арман Қожахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы:
- 2021-2022 жылдардың 9 айында сотқа 19 мыңнан астам шағым келіп түсті. Министр өз баяндамасында да осы сандарға назар аударды. Оның ішінде сот орындаушыларының әрекеттеріне 6 281 талап-арыз түскен, бұл 33% құрайды. Мұндай талап-арыздардың көбі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан түскен. 1 456 сот орындаушысы өз қателіктерін мойындап, іс татуласумен аяқталды. Бұл – істердің 23%. Ал 1 299 іс немесе 21% шешілмегендіктен өздігінен алынып тасталды. Қорытындылай келе, сот 2 014 істі қарады, оның 45% оң шешімін тапты. Яғни сот орындаушыларының әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты барлық дерлік сот ісі орынды деп табылды.
Авторы: Ақзер Сегізбай