Шарын шатқалы… Алып аңғарлар. Қызғылт қамалдар. Мыстан сайлар. Жалмауыз кемпір өзегі… Осы бір айрықша орын туралы айтылатын аңыз көп. Ақиқатын ешкім аршып ала алмасы тағы белгілі. Өйткені Шарын каньоны мына жер бетіне пенде баласының табаны тимей тұрып, миллион жылдар бұрын пайда болған. Өйткені кер даланың төсінен адам баласы мың жылдап кертісе де, дәл осындай ғажапқа толы әлемді жасаулары мүмкін емес, оған тек бөлекше күш, миллиондаған жыл уақыт қажет. Шарынға барып, өз көзімен көрген жан оның кереметін анық түсінеді, ертегілер елінде, яки бір ерте заманда қираған алып қағанаттың орнында тұрғандай күй кешетіні рас.