Республикалық күре жолдар желісінде арнайы қоршаулар орнатылады

Жаңа үлгідегі  қорғаныс құралдары қазірдің өзінде Екатеринбург-Алматы республикалық автожолында орнатылып жатыр, деп хабарлайды «Қазавтожол».   Ол Астана қаласы маңындағы Тілендиев көлік айрығын қоса қамтиды. Бұл қоршаудың бұрынғылардан ерекшелігі көлік апатты жағдайда тасжолдан шығып кетсе құрылғыда орнатылған барабандардың айналуына байланысты жолдың қарсы бетіне  өтпестен осы құрылғы бойымен қозғалады. Тиісінше, көлік жол бойында қалады.

Нұрбек Темірханов, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы акмола  филиалы басшысының орынбасары  

- Бұл технология бізде бірінші рет қолданылып отыр. Егер тиімділігіне көз жеткізсек болашақта республикалық маңызы бар тасжолдарда қолданатын боламыз. Негізгі таңдау өткізу қысымы жоғары күре жолдарға түседі. Мысалы: осы таңдалған жолда тәулігіне 15 мыңға дейін көлік өтеді. Сонымен қатар жол көлік апаттары жиі болатын жол аумақтары да осындай құрылғымен қамтамасыз етіледі.  

Сондай-ақ жаңа құрылғыны күре жолдың ең қауіпті бөліктерінде орнату көзделген. Мәселен, бұрылыстарда, туннельдерге кіреберіс және шығаберісте, жол айрықтарында кезіктіруге болады. Бір айдың ішінде Ақмола облысындағы Талапкер ауылының маңында тағы бір жолаушы қауіпсіздігін қорғайтын қоршау орнату  жоспарланып отыр.