Елордада уақытты қалай тиімді өткізуге болады? Барлық қажетті ақпаратты QR-коды бар көрсеткіштер арқылы алуға мүмкіндік бар. Олар туристік полицияның барлық стационарлық бекетінде – «Бәйтерек» және «Қазақ елі» монументтерінде, сондай-ақ «Ғашықтар саябағы» мен EXPO көрме орталығының аумағында орналасқан. Қалаға қонақтап келген туристерге қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде шығарылған арнайы әзірленген жолсілтеме-брошюралар да өз бетінше танысуға мүмкіндік береді. Оларға қаланың карта-схемалары қоса беріледі, онда баруға тұрарлық жерлердің тізімі көрсетілген. Полицейлердің айтуынша, бұл жаңалықты саяхатшылар оң бағалауда.
Валерия Вознесенская, турист:
- Туристік қалаға барғанда өз басым ештеңені жіберіп алмауға тырысамын. Біздің қалада көруге, баруға лайықты қызықты туристік орындар жетерлік. Сондықтан ғаламтордан қараған кезде не іздеу керегін білу керек. Мысалы, бірінші рет қалаға келгенде қандай орындарды тамашалауға болатынын білмейсің. Ал мұнда барлығы бір жерде, суреттермен, мәтінімен анық жинақталған. Менің ойымша, бұл – өте ыңғайлы құрал.
Күн сайын туристік полицейлерге 30-ға жуық адам көмек сұрап келеді. Қызметкерлер туристермен тез тіл табысады, себебі олар шет тілін жетік меңгерген. Шетелдік қонақтар көбіне, навигация мәселелері бойынша, бір орыннан екінші орынға қалай жетуге болатынын, қонақүйлердің мекенжайларын, сондай-ақ қаланың көрнекті орындары білу үшін көмекке жүгінеді екен.
Авторы: Ақзер Сегізбай