Президент журналист Амангелді Сейітханның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі журналист Амангелді Сейітханның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Президентің баспасөз қызметі хабарлады.

«Амангелді Муатқанұлы қазақ спорт журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның есімі ел есінде мәңгі сақталып, қазақ телевизиясының тарихына алтын әріптермен жазыларына сенімдімін. Марқұмның алды пейіш, арты кеніш болсын», – деп жазылған Президенттің көңіл айту жеделхатында.

Естеріңізге сала кетейік, әйгілі спорт комментаторы, қазақ телевизиясының ардагері, ақпарат саласының үздігі Амангелді Сейітхан 52 жасында дүниеден озды. Ол 1969 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1991 жылы «Спорт» газетінде бастап, қазақ журналистикасының спорт саласын бір кісідей меңгерген ардагер журналист еді. 1997 жылдан бері «Хабар» Агенттігінде қызмет атқарды. Ол сонау жылдары айтыс аламанында да атой салған суырып салма ақын еді. Қалың көрермен іздеп отыратын, үлкенге ізетті іні, кішіге арқалы аға бола білген біртуар тұлға көзінің тірісінде-ақ аңыз адамға айналды.