Президент мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттады

Президент мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттады

Қазақстанда Бикен Римова атындағы қазақ драма театры, Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театры және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық мәртебе беріледі. Шешім мәдениет мекемелерінің жұмысына тың серпін береді. Бұл туралы Президент мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау салтанатты шарасында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мереке қарсаңында оларды құттықтап, ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға қосып жүрген үлестеріне ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда. Елордамызда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары табысты өтті. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталуда.

Мемлекет өнер саласын өркендетуге әрдайым ерекше мән береді. Өйткені мәдениеті озық елдің рухы биік болады, - деді Президент. Былтыр 45 мәдениет нысаны салынды. Бұл жалғасын табады.  Тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауда ЮНЕСКО-мен ықпалдастық ерекше рөл атқарады. Президент Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еліміздің тарихи және мәдениет ескерткіштерін енгізу үшін күш-жігер жұмсалып жатқанын айтты. Бұдан бөлек, «Әлем жады» тізбесіне құжат күйіндегі мұраларымызды енгізу қолға алынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ғылыми-зерттеу саласында, тарихи және мәдени ескерткіштерімізді зерделеу ісінде музейлердің әлеуетін толық пайдалану маңызды. Сарайшық қалашығы зерттеушілердің ерекше қызығушылығын тудырады. Оған жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени мұрасына арналған бірыңғай цифрлық платформа құру туралы бастаманың берері мол.

Елімізде сәулет өнерін жетік меңгерген, оны ұлттық нақышқа бейімдей алған мамандар буыны өсіп келеді. Мұндай дарын иелеріне мейлінше қолдау көрсету қажет. Осы орайда жас сәулетшілердің арнайы байқауын ұйымдастырып, Ұлттық сыйлық тағайындауға болады, - деді Президент. Ал театрларды жаңғырту, нысандар салуға бизнес өкілдері мен меценанттарды тарту қажет. Осылайша олар руханиятымызды дамыту ісіне атсалысады. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі, саладағы аса үздік жетістіктері үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?