Биыл мемлекеттің экономикадағы үлесі бірден 14% дейін қысқарды. Бұған сәтті жүргізілген жекешелендіру шаралары, оның ішінде екі бірдей ұлттық компанияның акцияларын орналастыру арқасында қол жеткізілді. Жалпы 2019 жылдан мемлекеттің қатысуымен 1 мыңға жуық ұйым жекешелендірілген. Бұл жөнінде Премьер-Министр Әліихан Смайылов мәлімдеді. Үкімет басшысы «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Президенттің 2019-2022 жылдарға арналған жолдауларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Мәселен, Мемлекет басшысы 2021 жылы желтоқсанда қол қойған «Өнеркәсіптік саясат туралы» жаңа заң өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуына жол ашқанын жеткізді. Бүгінде саланың орташа өсімі 4,5% жетіп, былтыр ел қазынасына кірген барлық түсімнің бестен бірін құрады. Өндіріс ошақтарын шикізатпен қамтамасыз ету тетігі енгізілді. Есептік кезеңде бұл салада жалпы құны 4,6 трлн теңгеге бағаланған 586 жоба іске қосылды. Сондай-ақ, Үкімет басшысы бизнесті қолдауға бағытталған кешенді шараларға жіті тоқталды. Ол 2020 жылдан бастап елімізде шағын және микробизнеске тексеру жүргізуге жарияланған мораторий 2024 жылға дейін ұзартылғанын атап өтті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер министрі:
-Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 19-жылмен салыстырғанда 31% тен 36,5% дейін өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субектілерінің саны тек соңғы 1 жылда 27% өсіп, 1,8 млн асты. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны өткен жылда 18% артып, 4,1 млн адамға жетті. Оң нәтижелер кәсіпкерлік қоғамдастық пен билік органдарының өзара іс қимылының тиімділігімен байланысты.